Тарихы
Сыр өңірінің білім беру ісінде өзіндік орнын қалыптастырған жоғары оқу орындарының бірі – Қызылорда ашық университеті. Қызылорда ашық университеті 1998 жылы Қызылорда инженерлік-экономикалық институты болып ашылған, ал 2009 жылы «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институты болып қайта құрылған.
Жоғары оқу орны 2022 жылы институт құрылтайшысының шешімімен «Қызылорда технология және қызмет институты» білім беру мекемесі болып өзгертіліп, Қызылорда облысы Әділет департаменті арқылы мемлекеттік қайта тіркеуден өтті.
Құрылтайшылардың шешіміне сәйкес Қызылорда облысы Әділет департаментінің заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеу туралы анықтамасы негізінде «Қызылорда технология және қызмет институты» білім беру мекемесі 2023 жылдың 10 ақпанынан бастап «Қызылорда ашық университеті» білім беру мекемесі болып өзгертілді.
25 жыл тарих бедерінде көп уақыт болмаса да, алған асулары мен бағындырған белестері қоғамда лайықты орынға ие болған. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау үшін университеттің материалдық-техникалық базасын нығайтуда көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінде жоғары оқу орны жоғары білімнің 23 білім беру бағдарламасы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің лицензиясына сейкес білім беру қызметін жүргізеді.
Университет ғалымдары Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті ұйымдастыруымен ғылыми және ғылыми-техникалық жобаларды гранттық қаржыландыру конкурсына қатысып, бірнеше жоба гранттық қаржыландыруды жеңіп алды. Сонымен қатар жергілікті атқарушы орган ұйымдастырған конкурстарда ғалымдарымыз өз жобаларымен қатысып, бірнеше мәрте жеңімпаз атанды. Профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылардың халықаралық рецензияланатын журналдарда, шетелдік және отандық конференциялар жинақтарында жарияланған мақалаларының саны жылдан-жылға өсіп келеді.
Заман талабына сай білім алушылардың білім алуына барлық қажетті жағдайлар жасалған. Университетімізде білім алған, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби және бәсекеге қабілетті мамандар Қазақстан экономикасының әр түрлі саласында жемісті еңбек етуде.
Университет 2022 жылы маусым айында Қазақстан Республикасында танылған аккредиттеу органдарының тізіліміне енген Қазақстанның Заманауи (Элиталық) Білім Ассоциациясы (KAZSEE) арқылы халықаралық институционалдық және білім беру бағдарламаларының мамандандырылған аккредиттеуінен өтіп, Институтқа KAZSEE-нің Аккредиттеу Кеңесінің шешімімен 5 жыл мерзімге (30.06.2022-29.06.2027 жж. аралығына) институционалдық және білім беру бағдарламаларының мамандандырылған аккредиттеуінен өткендігі туралы Сертификаттар берілді.
Сонымен қатар 2023 жылдың мамыр айында оқу орнының тағы да 9 білім беру бағдарламасы Халықаралық мамандандырылған аккредиттеуден өтіп, аккредиттеу агенттігінің (19.06.2023-18.06.2028жж. аралығына) білім беру бағдарламаларының мамандандырылған аккредиттеуінен өткендігі туралы Сертификаттар берілді.