ҚЫЗЫЛОРДА АШЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫНДА
Қызылорда ашық университетінің профессор-оқытушылық құрамы мен студенттері «Мәскеу политехникалық университеті» федералды мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесінің ұйымдастыруымен «Развитие патриотического сознания молодёжи» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясына қатысты.
Студент жастарға патриоттық тәрбие беріп, белсенді азаматтық ұстаным мен тарихи жадыны жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған конференция Отан қорғаушылар күні мен Жеңістің 80 жылдығына орай өткізілді.
Конференция бірнеше бөлімдер арқылы жүзеге асты. Атап айтқанда:
● Заманауи коммуникациялық технологиялардың қалыптасуындағы дәстүрлі отбасы құндылықтарының рөлі;
● Қоғамдық ұйымдар мен оқу орындарының өзара әрекеттесуі: жастарға патриоттық тәрбие беру;
● Экологиялық мәдениет пен патриотизм;
● Әлеуметтік жарнама экстремизмнің алдын алу құралы ретінде;
● Патриоттық процестерді басқарудағы интеграциялық тәсілдермен жастарды тәрбиелеу: стратегиялар, технологиялар және даму перспективалары;
● Мәдени құндылықтарды сақтау мен дамытудағы мәдени жадының рөлі;
● Кітаптардағы, әдебиеттердегі және бұқаралық ақпарат құралдарындағы әскери-патриоттық тақырыптар.
Конференция барысында Қызылорда ашық университетінің ректоры, т.ғ.д., профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы құттықтау сөз сөйледі.
Сондай-ақ, халықаралық деңгейдегі конференцияда түрлі шетелдік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушыларымен қатар университет студенттері мен оқытушылар конференция тақырыбына сәйкес баяндамаларын жасап, ғылыми еңбектер жинағына жариялауға жолдады.
Мұндай іс-шараларға қатысу тек өз зерттеулерінің нәтижелерін ұсыну мүмкіндігі ғана емес, сонымен қатар тәжірибе алмасу, жаңа ғылыми байланыстар орнату және халықаралық ынтымақтастықты дамыту үшін бірегей алаң болып табылады. Қызылорда ашық университеті жетекші білім беру және ғылыми орталық мәртебесін растай отырып, әлемдік ғылыми бастамаларға белсенді қатысуды жалғастыруда.