Қызылорда ашық университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламалары таныстырылды

 

Қызылорда ашық университетінің Академиялық ұтқырлық және халықаралық қатынастар жөніндегі басқармасы студенттерге халықаралық білім алу мүмкіндіктерін таныстыру мақсатында арнайы іс-шара өткізді.

Кездесуде басқарма әдіскері Аманкелді Қасиет Жантөреқызы студенттерге ішкі және сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламалары, оларға қатысу шарттары мен артықшылықтары туралы толыққанды ақпарат берді. Ол академиялық ұтқырлықтың жеке тұлғаның дамуындағы және кәсіби қалыптасуындағы рөліне ерекше тоқталды.

Шара барысында университеттің Қазақстандағы және шетелдегі серіктес жоғары оқу орындары таныстырылды. Атап айтқанда, Тұран-Астана университеті, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университеті, Батыс Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті және Беларусь Республикасындағы Евфросиния Полоцкая атындағы Полоцкий мемлекеттік университеті сынды беделді оқу орындарында білім алып жатқан студенттердің тәжірибелері ортаға салынды.

Сонымен қатар, студенттер өздерінің академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясындағы оқуы туралы әсерлерімен бөлісіп, шетелдік білім беру жүйесімен танысу арқылы алған құнды тәжірибелері жайлы айтып өтті. Олар дайындаған видеоматериалдар арқылы бұл бағдарламаның білім алушыларға беретін мүмкіндіктері мен маңыздылығы көрсетілді.

2025 жылы Индонезияда өтетін BINAR халықаралық жазғы лагері іс-шараның маңызды бөлігі болды. Бұл – әлемнің түкпір-түкпірінен студенттерді біріктіретін ауқымды білім беру және мәдени жоба. BINAR лагері студенттерге көшбасшылық дағдыларын дамытуға, халықаралық академиялық байланыстар орнатуға және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға көмектеседі.

Сонымен қатар, шара барысында 2024 жылы Индонезияда өткен BINAR - 2024 халықаралық жазғы лагеріне жолдама алған студенттердің өз әсерлерімен бөліскені атап өтілді. Олар бұл бағдарлама аясында алған тәжірибелерін баяндап, халықаралық сертификаттарға ие болғанын жеткізді.

📌 Қызылорда ашық университеті барлық студенттерді академиялық ұтқырлық бағдарламасына белсенді түрде қатысуға және BINAR 2025 халықаралық жазғы лагерінде өз білім көкжиегін кеңейтуге шақырады!

🔹 Жаңалықтарды университеттің ресми сайтынан бақылап, халықаралық білім беру қауымдастығының белсенді мүшесі болуға асығыңыз!