Жаңа ғасырдың әмбебап маманы

Кәдір Қолқанат өзінің білім жолын 2014 жылы М. Маметова атындағы Қызылорда педагогикалық колледжінде бастады. Бұл оқу орны оның бойында білім беру саласына деген қызығушылықты қалыптастырып қана қоймай, болашақ кәсіби өмірінің алғашқы іргетасын қалады. 2018 жылы колледжді тәмамдаған соң, ол алған білімі мен тәжірибесін тереңдету мақсатында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне оқуға түседі. Мұнда ол теориялық білімді тәжірибемен ұштастырып, өз көзқарасын кеңейтті, жаңа дағдыларды игерді.

Алайда Қолқанат үшін білім алу ешқашан тек бір кезеңмен шектелген емес. Ол заман талабына сай, экономиканың жаңа бағыттарын меңгеруге шешім қабылдап, Қызылорда ашық университетінің қолдауымен АНО ВО «Российский новый университетінде» магистратура бойынша білімін жалғастырды. Мұнда ол Салықтық әкімшілендіру және құқықтық реттеу кафедрасында 38.04.02 «Экономика» бағыты бойынша оқып, «Цифрлық экономика және үлкен деректерді басқару» мамандануын таңдады. Бұл таңдау оның болашақта тек дәстүрлі экономика саласында ғана емес, жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеріп, заманауи цифрлық технологиялар негізінде жұмыс істей алатын әмбебап маман болуына жол ашты.

Қазіргі таңда Қолқанат Кызылорда ашық университетінде қызмет етіп, өзінің кәсіби білімі мен тәжірибесін студенттермен және әріптестерімен бөлісуде. Ол білім беру процесіне заманауи әдістер мен цифрлық шешімдерді енгізіп, өңірдің білім беру жүйесінің дамуына үлес қосып келеді.

Әріптесіміздің еңбек жолына шығармашылық табыс тілейміз!