Қызылорда Ашық университетінде халықаралық сарапшылармен кездесу өтті
Қызылорда Ашық университетінде білім беру сапасын арттыру және халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Университет ректоры Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов алғы сөз сөйлеп, оқу орнының стратегиялық даму бағыттарына тоқталды.
Ерекше атап өтер жайт, 2024 жылы Қызылорда Ашық университеті Азия Ашық университеттер қауымдастығына (AAOU) ресми түрде мүше болып қабылданды. Бұл ұйым – ашық және қашықтықтан білім беруге маманданған жетекші жоғары оқу орындарын біріктіретін халықаралық платформа.
ҚАУ – Қазақстандағы алғашқы және жалғыз жоғары оқу орны ретінде қауымдастыққа қабылданып, интернационалдандыру стратегиясын жүзеге асыруда және академиялық беделін жаңа деңгейге көтеруде маңызды қадам жасады. Кездесуде AAOU-ға толыққанды мүшелікке ену үшін алдағы атқарылатын жұмыс жоспары да талқыланды.
Кездесуге экономика ғылымдарының докторы, профессор Әлия Ғафурқызы Мұхамеджанова, сондай-ақ Франциядағы Ұлттық Шығыс тілдері мен өркениеттер институтының (INALCO) және Кореядағы Каннам университетінің профессоры Ким Фил қатысты.
Профессор Ким Фил Азиядағы жетекші Ашық университеттердің тәжірибесімен, инновациялық оқыту үлгілерімен және қашықтан білім берудегі заманауи тәсілдерімен бөлісті. Ал профессор Әлия Мұхамеджанова білім сапасын арттыру, академиялық ұтқырлық пен халықаралық серіктестікті дамытуға қатысты өз ой-пікірін білдірді.
Қызылорда Ашық университеті алдағы уақытта да халықаралық сарапшылармен байланысын нығайтып, заманауи білім беру трендтерін енгізу бағытындағы жұмыстарын жалғастырады.