«AI-Sana» бағдарламасы – болашақ мамандарға арналған жаңа мүмкіндік

Қазақстанда жасанды интеллект (ЖИ) саласындағы құзыреттерді қалыптастыруға және технологиялық кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «AI-Sana» бағдарламасы жүзеге асырылуда.
Бағдарламаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы, су шаруашылығы, энергетика және басқа да бейінді салаларда білім алып жатқан студенттерге ЖИ мен AI-кәсіпкерлік бойынша қосымша құзыреттерді игеруге жағдай жасау. Бұл тәсіл болашақ мамандарға кәсіби білімді терең меңгерумен қатар, өндірістік және басқару процестерін оңтайландырып, салалық мәселелерді шешуде жасанды интеллект технологияларын белсенді қолдануға жол ашады.
«AI-Sana» түлектері алған білімдерін жұмыс орнында тиімді пайдаланып қана қоймай, өз саласында инновациялық стартаптар құруға да мүмкіндік алады. Осылайша бағдарлама еліміздің технологиялық дамуына, Deep Tech-стартаптарының қалыптасуына және ұлттық экономиканың өсуіне ықпал етпек.
Бағдарламаның кезеңдері:
🔹 Дайындық кезеңі – (650 мың студент) Coursera, Huawei платформалары мен Astana Hub алаңында ЖИ негіздері бойынша курстар. Бұл блок бакалавр, магистратура және докторантура студенттеріне арналған.
🔹 1-кезең – (100 мың студент) бағдарламалау, машиналық оқыту, ЖИ негізінде кәсіпкерлік дағдыларды меңгеру.
🔹 2-кезең – (60 мың студент) студенттік жобаларды құрылымдау, кеңейту стратегиясын әзірлеу және нарық талаптарына бейімдеу.
🔹 3-кезең – (1,5 мың MVP стартап) стартаптарды прe-акселерациядан бастап пост-акселерацияға дейін қолдау.
Бағдарламаның алғашқы блогы ЖИ саласындағы негізгі ұғымдарды меңгеруге бағытталса, келесі кезеңдерде студенттер нақты жобалар дайындап, менторлар қолдауымен нарыққа бейімделген шешімдерді жүзеге асырады.
«AI-Sana» – білім, ғылым және кәсіпкерлікті тоғыстыратын платформа
Бағдарлама оқу процесін дәстүрлі білім беруден зерттеу және қолданбалы тәжірибеге көшіруге ықпал етеді. Бұл студенттерге тек теориялық білім беріп қана қоймай, нақты бизнес-модельдер құруға, инновациялық жобаларды іске асыруға жол ашады.

Мемлекет басшысы атап өткендей:
«Экономиканы цифрлық жаңғырту адам капиталын дамытуды талап етеді. Әсіресе жасанды интеллектіні меңгеру дағдыларына баса назар аудару қажет. Сол себепті 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуды көздейтін «AI-Sana» бағдарламасы басталды. Алайда ЖИ құзыретін қалыптастыруды мектеп қабырғасынан бастап қолға алу маңызды».

«AI-Sana» еліміздің жоғары білім беру жүйесінде жаңа кезеңді бастап, жасанды интеллект саласында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталған бірегей жоба болып отыр.