Халықаралық ғылыми ынтымақтастық алаңы
2025 жылғы 31 қазан күні Қызылорда ашық университетінде онлайн форматта «Ауыл шаруашылығындағы цифрландыру және инновациялық даму бағыттары» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараны К.А. Тимирязев атындағы Ресей мемлекеттік аграрлық университетінің АӨК экономикасы және басқару институты, аталған институттың «Экономика және өндірісті ұйымдастыру» кафедрасы және Қызылорда ашық университетінің «Экономика және басқару» мен «Инженерлік технологиялар» кафедралары бірлесіп ұйымдастырды.
Дөңгелек үстел жұмысына екі жоғары оқу орнының профессор-оқытушылар құрамы, сондай-ақ Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің және «Болашақ» университетінің ғалым-экономистері қатысты.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығы саласын цифрландырудың өзекті мәселелері, күріш өндірісін жетілдіру тетіктері мен агроөнеркәсіптік кешенге инновациялық технологияларды енгізудің тиімді жолдары кеңінен талқыланды.
Халықаралық дөңгелек үстел ғылыми әріптестікті нығайтып, тәжірибе алмасуға және аграрлық салада жаңа зерттеу бағыттарын айқындауға мүмкіндік берді. Іс-шара нәтижесінде қатысушы оқу орындары мен ғылыми мекемелер арасында өзара ынтымақтастықты одан әрі дамытуға бағытталған келісімдер жасалды.


