Болашақ мамандарға тәжірибе: Қазгер Мұнайға танымдық сапар

Қызылорда ашық университетінде өндірістік тәжірибе мен кәсіби бағдар беру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Осы бағытта ВТиПО-25-1, НГД-25-1, ЭН-25-1 және ОПД-25-1 топтарының студенттері үшін «Қазгер Мұнай» ЖШС біріккен кәсіпорнының қолдауымен танымдық экскурсия ұйымдастырылды.

Экскурсияның мақсаты – болашақ мамандардың кәсіби көзқарасын қалыптастыру, энергетика, мұнай-газ, өндірістік технологиялар саласындағы жұмыс үдерістерін тәжірибе жүзінде түсіндіру, сондай-ақ студенттерді нақты өндіріс орындары мен заманауи технологиялармен таныстыру.

Экскурсия барысында компания
мамандары студенттерге кәсіпорынның өндірістік құрылымы, жаңа технологияларды енгізу бағыттары, экологиялық қауіпсіздік стандарттары және жұмыс процесінің кезеңдері бойынша жан-жақты мағлұмат берді. Сонымен қатар, сала мамандары студенттердің қойған сұрақтарына жауап беріп, мамандықтың болашақтағы даму бағытына тоқталды.

Студенттер үшін бұл кездесу тек теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру ғана емес, сонымен бірге еңбек нарығындағы талаптарды анықтап, болашаққа кәсіби жоспар құруға мүмкіндік берді. Экскурсияға қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, осындай тәжірибелік форматтағы іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.

Қызылорда ашық университеті алдағы уақытта да өңірлік өндіріс орындарымен әріптестік байланыстарды кеңейтіп, студенттердің кәсіби дамуына бағытталған жобаларды жалғастыруды жоспарлайды.