Ұлы ақынға құрмет: әсерлі опера кеші
Өнер орталығында Абай Құнанбаевтың 180 жылдық мерейтойына арналған «Абай» операсы сахналанып, оны тамашалауға Қызылорда ашық университетінің студенттері қатысып қайтты. Қазақ руханиятының інжу–маржаны саналатын бұл қойылым жас көрермендерге ерекше әсер сыйлап, олардың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттыра түсті.
М. Әуезовтің либреттосына негізделіп, А. Жұбанов пен Л. Хамидидің шығармашылығынан туған «Абай» операсы — тек махаббат хикаясы немесе жақсы мен жаманның тартысы ғана емес. Ол — қазақ халқының терең дүниетанымын, мінез байлығын, көшпелі өмір философиясын айшықтайтын көркем туынды. Операдағы трагедиялық шындық пен рухани биіктік көрерменді бір мезетте толғандырып, ойға жетелейді.
Кештің сәнін келтірген орындаушылар құрамына халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Рустам Рысмағамбетов дирижерлік етсе, сахна төрінде облыстық симфония оркестрі жоғары кәсіби деңгейде сүйемелдеу жасады. Оркестрдің көркемдік жетекшісі және бас дирижері — Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Мүсілім Әмзе екенін де айта кеткен жөн.
Сонымен қатар, қойылымның әсерін еселей түскен — операның қоюшы режиссері, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі мен «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Азиза Іздіқұлованың еңбегі. Оның режиссерлік шешімдері мен көркемдік ұстанымы спектакльдің мазмұнын айқын ашып, көрерменге жаңа леп сыйлады.
Осы кешке қатысқан біздің студенттер ұлы ақынның рухани мұрасын терең сезініп, ұлттық өнердің ғажап үлгісін көзбен көріп, үлкен шабытпен оралды.