Халықаралық академиялық ұтқырлық аясындағы тәжірибелік сабақ
Қызылорда ашық университетінде халықаралық академиялық ынтымақтастық пен академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелдік ғалымның қатысуымен тәжірибелік сабақтар ұйымдастырылуда.
Филология ғылымдарының докторы, профессор, Париж (Франция) қаласындағы Салыстырмалы корейтану зерттеулері жөніндегі Халықаралық қауымдастықтың президенті Ким Фил 2025–2026 оқу жылының 2-ші академиялық кезеңінде 1-курс студенттеріне арналған ағылшын тілі пәні бойынша тәжірибелік сабақтарды жүргізетін болады.
Сабақ барысында шетелдік ғалым тіл үйретудің заманауи әдіс-тәсілдерін қолданып, студенттердің сөйлеу, тыңдалым және коммуникативтік дағдыларын дамытуға басымдық береді. Тәжірибелік сабақтар интерактивті форматта өтіп, жұптық және топтық жұмыстар, өмірлік жағдаяттарға негізделген тапсырмалар арқылы жүзеге асырылады.
Аталған бастама студенттердің тілдік құзыреттілігін арттыруға, пәнге деген қызығушылығын күшейтуге және Қызылорда ашық университетінің білім беру үдерісіне халықаралық тәжірибені енгізуге бағытталған. Бұл – университеттің академиялық ұтқырлықты дамыту және жаһандық білім кеңістігіне ықпалдасу жолындағы маңызды қадамдарының бірі.

