Қызылорда ашық университетінің аға оқытушысы, экономика ғылымдарының кандидаты, доцент, әріптесіміз Ахметов Дархан Асамұратұлының мезгілсіз өмірден өтуіне байланысты суық хабар қабырғамызды қайыстырды.

         Өмірден ерте озған жаны жайсаң, ұстанымы берік әріптесіміздің айтар асыл ойлары мен қоғамға берер пайдасы әлі көп еді. Асыл азаматтан қапыда айырылып қалғанымыз орны толмас өкінішпен өзегімізді өртеді.

Дархан Асамұратұлы 1977 жылы 21 маусымда Қызылорда қаласында дүниеге келді. 1994 жылы №140 қазақ орта мектебін бітірді.1994 -1999 жылдар аралығында Кызылорда агроөнеркәсіптік өндіріс институтын «Жерге үйлестіру» мамандығы бойынша оқып, бітірді.

1999-2001 жылдары Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Бухалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша оқып, тәмамдады.

         1999-2005 жылдар аралығында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Жерге орналыстыру» және «Экономика және менджмент» кафедрасында оқытушы, аға оқытушы, факультет деканының орынбасары, ректордың көмекшісі қызметтерін атқарды.

Москва мемлекеттік экономика, статистика және информатика университетінің  Диссертациялық кеңесінің 2004 жылғы13 мамырдағы (№6 хаттама) шешімімен экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағы берілді.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Білім және  ғылым саласындағы қадағалау және аттестаттау комитетінің 2006 жылғы 1 шілдедегі шешімімен (№10 хаттама) қайта аттестаттау негізінде Экономика ғылымдарының кандидаты дәрежесі берілді.

Қызылорда инженерлік-экономикалық институтының Ғылыми кеңесінің шешімімен 2008 жылы  «Экономика» кафедрасы бойынша доцент академиялық атағы берілді.

2006-2008 жылдары Қызылорда қаласы әкімінің көмекшісі, әкім аппаратының іс жүргізушісі, қаржы-шаруашылық бөлімнің басшысы қызметтерін атқарды.

2008 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Қызылорда инженерлік-экономикалық институты», «Ақмешіт гуманитарлық техникалық институты», «Қызылорда ашық университетінде» аға оқытушы, декан, жалпы мәселелер жөніндегі проректор қызметтерін атқарды.

        Дархан Асамұратұлы - ұзақ жылдар бойы университетіміздің  дамуына өзіндік үлесін қосқан білімді маман, білікті қызметкер еді. Осы салада жинақтаған мол тәжірибесін ізін басқан жас мамандармен әрдайым бөлісуге, бағыт-бағдар беруге даяр тәлімгер ретінде қалыптасты. Білім және ғылым саласындағы мінсіз қызметі үшін республика және облыс басшылығы тарапынан сан мәрте марапат пен алғыс хаттарға ие болды.

         Дархан Асамұратұлы қызметімен қатар, ғылымды қатар алып жүрген белгілі ғалым болды. Оның өңіріміздегі зиялы қауым, ғалымдар, әріптестер ортасында өзіндік орны бар еді. Үлкенге құрмет, кішіге лайықты ізет көрсете білген әріптесіміздің қазасына байланысты толастамай жарияланып жатқан көңіл айту хаттары мен жұбату сөздері осының айғағы. Қысқа да болса аз ғұмырында жарық көрген ғылыми еңбектері оның артына қалдырған үлкен мұрасы әрі біз үшін бағалы естелік саналады.

         Өмірлік жолында адал еңбек етіп, абыроймен өткізген, оң істерінің жемісін қалдырған ардақты азаматтың жарқын бейнесі әрдайым жадымызда.

         Ұжымымыздың атынан Дархан Асамұратұлының ардақты ата-анасына, жолдасы мен балаларына, жақындары мен ағайын-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Жаратқан ұрпағына ұзақ ғұмыр нәсіп етсін. Асыл азаматтың иманы саламат болсын!

 

«Қызылорда ашық университеті» ұжымы