Жамбыл - қазақ даласының гомері
Бүгін Қызылорда ашық университеті кітапханасының ұйымдастыруымен қазақ халқының ұлы ақыны, суырыпсалма жыр өнерінің дара тұлғасы Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл толуына орай «Жамбыл – қазақ даласының Гомері» атты әдеби сағат ұйымдастырылды. Тағылымды іс-шараға университеттің БД-25-1, БД-24-1 оқу топтарының білім алушылары қатысып, ұлы ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы мағлұмат алды.
Іс-шара барысында қатысушылар Жамбыл Жабаевтың жыр өнеріндегі ерекшелігі, айтыс өнеріндегі шеберлігі, поэтикалық импровизациядағы даралығы туралы тың деректермен танысты. Сонымен қатар ақын мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, ұлттық әдебиетке деген қызығушылықты арттыру бағытында мазмұнды ойлар айтылды.
Кеш аясында білім алушылар Жалғасбекова Айгерім, Серікқызы Ақдидар, Есентүгел Назерке ақын шығармаларынан үзінділер оқып, Жамбыл жырларының терең мағынасы мен рухани құндылығын көрерменге әсерлі жеткізді. Студенттердің орындауындағы жыр жолдары кештің мазмұнын байыта түсті.
Іс-шара соңында «Екі ғасыр куәсі – ұлы Жамбыл» атты кітап көрмесі таныстырылып, ақынның қазақ мәдениеті мен әдебиетіне қосқан үлесі кеңінен насихатталды. Ұлы жыраудың өнегелі өмірі мен бай мұрасы жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал ететіні атап өтілді.
