Ректор халықаралық қонақтарды қабылдады
Қызылорда ашық университетінде халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетке арнайы келген Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінің Бастауыш білім педагогикасы кафедрасының аға оқытушысы, PhD А. Балтамуратова және білім алушылары университет ректоры Қылышбай Алдабергенұлы Бисеновпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар білім беру саласындағы өзекті мәселелерді, бірқатар жаңашыл бастамаларды талқылап, екі оқу орны арасындағы академиялық байланыстарды дамыту жолдарын қарастырды. Сондай-ақ университеттің қалыптасу тарихы мен жетістіктері таныстырылып, тәжірибе алмасу жүргізілді.
Іс-шара соңында университет басшылығы халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтуға қосқан үлесі үшін қонақтарға алғыс білдіріп, болашақта әріптестік қарым-қатынасты одан әрі дамытуға дайын екендігін жеткізді.
