Қызылорда ашық университетінде халықаралық қонақтардың қатысуымен интеллектуалды сайыс өтті
Қызылорда ашық университетінің Педагогика кафедрасының оқытушылары Жармаханова Арайлым Дастанқызы мен Әбдіқалық Ақгүл Әмірханқызы білім алушылардың танымдық белсенділігін арттыру мақсатында «Табиғат пен өмір арасындағы өзара байланыс» тақырыбында интеллектуалды сайыс ұйымдастырды.
Танымдық шараға халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетке арнайы келген Низами атындағы Өзбекстан ұлттық педагогикалық университетінің Бастауыш білім педагогикасы кафедрасының аға оқытушысы, PhD А. Балтамуратова және білім алушылары қатысып, сайысқа ерекше серпін берді.
Сайыс барысында қатысушылар табиғат пен қоршаған ортаға қатысты түрлі логикалық және танымдық тапсырмаларды орындап, өз білімдері мен шығармашылық қабілеттерін көрсетті. Іс-шараның негізгі мақсаты – білім алушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, табиғатқа деген жауапкершілік көзқарасын нығайту және олардың сыни әрі логикалық ойлау қабілеттерін дамыту.
Мазмұнды әрі тартымды форматта өткен сайыс қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырып, студенттер мен халықаралық қонақтар арасында еркін пікір алмасуға мүмкіндік берді. Сонымен қатар, мұндай шаралар халықаралық академиялық ынтымақтастықты нығайтып, студенттердің дүниетанымын кеңейтуге ықпал етеді.
Шара соңында халықаралық қонақтарға арнайы сертификаттар табысталды.
