Бүгінгі ізденіс - ертеңгі жетістік
Қызылорда ашық университетінде ғылым күніне орай ұйымдастырылған студенттік ғылыми-тәжірибелік конференцияның қорытынды жалпы отырысы жоғары деңгейде өтті. Аталған іс-шара білім алушылардың ғылыми әлеуетін арттыруға және зерттеушілік дағдыларын дамытуға бағытталды.
Жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы, студенттер мен ғылыми жетекшілер қатысып, жас ғалымдардың ізденісіне қолдау білдірді.
Конференцияны инновациялық жұмыстар және қоғаммен байланыс жөніндегі проректор, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Б.Ж. Әбдікәрімов ашып, қатысушыларды ғылым күнімен құттықтап, ғылыми ізденістеріне табыс тіледі.
Конференция барысында секциялар бойынша І орын иегерлері өз ғылыми жобаларын ұсынып, зерттеулерінің өзектілігі мен практикалық маңызын жан-жақты таныстырды. Сонымен қатар, ІІ және ІІІ орын иегерлері де белсенділік танытып, ғылыми пікір алмасу алаңын мазмұнды ете түсті.
Іс-шара қорытындысында жеңімпаз студенттерге ақшалай марапаттар табысталып, барлық қатысушыларға алғыс білдірілді.
