«Кітаптағы үздік цитата» челленджі
23 сәуір – «Ұлттық кітап күні» аясында кітапханашылардың ұйымдастыруымен «Кітаптағы үздік цитата» тақырыбында челлендж ұйымдастырылды. Челленджге Қызылорда ашық университетінің білім алушылары қатысты.
Білім алушылар өздері оқыған Ахмет Байтұрсынұлының «Оқуға шақыру» өлеңі, тумысынан шын талант болған Зейнолла Шүкіровтің «Бір жұлдыз боп жанам мен, бір жұлдыз боп қалам мен!» өлең жолдарын ерекше әсермен оқыды. Қазақ қоғамында алғаш оқу-ағарту ісіне мейлінше еңбек еткен тұлға, тұңғыш педагогикалық оқулықтар жазып қалдырған өз заманының біртуар азаматы Мағжан Жұмабайұлының «Педагогика» еңбегіндегі төрт бағытты, қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына айналған, отансүйгіштік жырларымен халық жүрегінен орын тепкен ақын Жұбан Молдағалиевтың «Мен қазақпын» поэмасындағы отанға деген ерекше махаббат, халықты ерлікке шақыру, жеңіске деген үлкен сенім артқан жолдарды мәнерлеп оқыды.
Челленджде XX ғасырдың ең жарқын тұлғасы, халық қаһарманы, қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасындағы қазақтың ұлттық салт-дәстүрін өте шынайы бейнелейтін қанатты даналық сөздердің тәрбиелік мәні бар екенін атап өтті.
Челленджге қатысқан білім алушылар «Кітаптағы үздік цитата» тақырыбындағы қазақ жазушыларының шығармаларын Қызылорда «Болашақ» университетіне жолдады.