Қызылорда ашық университеті кітапханасы жаңа кітаптармен толықты
23 сәуір – Қазақстанда Мемлекет басшысының бастамасымен бекітілген Ұлттық кітап күні және кітапханашылар күні. Осы айтулы мерекеге орай елімізде кітап апталығы бастау алып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Қызылорда ашық университетінің кітапханасында да оқуға деген сүйіспеншілікті арттыруға, кітаптың қоғамдағы маңызын насихаттауға арналған мазмұнды шаралар өтуде. Бұл күн – тек кітапты емес, оны сақтап, келер ұрпаққа жеткізіп жүрген кітапханашылар еңбегіне деген ерекше құрметтің көрінісі.
Мереке қарсаңында кітапхана қоры құнды ғылыми еңбектермен толықты. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Әлеуметтік жұмыс» білім беру бағдарламасының 2 курс докторанты Шайхисламова Гульсара Шайхисламқызы университет кітапханасына өз авторлығымен жарық көрген «Әлеуметтік қауіпсіздік» және «Әлеуметтік шиеленістерді басқару» атты оқу құралдарын тарту етті. Аталған еңбектер қоғамдағы әлеуметтік қауіпсіздік мәселелерін жан-жақты талдап, әлеуметтік шиеленістердің себептері мен оларды басқару тетіктерін ғылыми тұрғыда қарастырады.
Жаңа оқу құралдары білім алушылар мен профессор-оқытушылар құрамына маңызды ғылыми ресурс ретінде қызмет етіп, оқу үдерісінің сапасын арттыруға ықпал етеді. Бұл игі бастама – білім мен ғылымға көрсетілген қолдау әрі кітапхана қорын байыту жолындағы маңызды қадам.
