Құқықтық сауаттылықты арттыруға арналған кездесу өтті
Бүгін Қызылорда ашық университетінде студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында маңызды кездесу ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарын қорғау және насихаттау бағытындағы жұмыстар аясында өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық мәдениетін арттыру, заңды білу деңгейін көтеру және азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру болды.
Шараға арнайы қонақтар ретінде:
Байхожаев Берікбол Ұзақұлы – Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі;
Байхадам Алиислам Вадимұлы – Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы «Еркіндік рухы» жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі қатысты.
Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Конституциясында азаматтарға берілген негізгі құқықтар мен бостандықтар, «Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңның негізгі ережелері, сондай-ақ Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілінің қызметтік міндеттері туралы ақпарат берілді.
Кездесу барысында спикерлер студенттерге өз тәжірибелерімен бөлісіп, адам құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы мазмұнды ақпарат берді. Білім алушылар тарапынан да белсенді сұрақтар қойылып, кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті.

