Ғылыми семинар-кездесу және халықаралық ынтымақтастық меморандумы жасалды
Бүгін Қызылорда ашық университетінде «Научные Публикации» компаниясының директоры Ященко Марина Михайловнаның қатысуымен профессор-оқытушылар құрамына арналған ғылыми семинар-кездесу өткізілді.
Кездесу барысында университеттің ғылыми әлеуетін арттыру, халықаралық ғылыми рейтингтердегі көрсеткіштерді жақсарту және ғылыми жарияланымдардың сапасын көтеру мәселелері жан-жақты талқыланды. Сондай-ақ ғылыми қызметтің тиімділігін арттыруға бағытталған өзекті бағыттар бойынша пікір алмасу жүргізілді.
Ресми кездесу аясында университет пен «Научные Публикации» компаниясы арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, алдағы уақытта бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру, ғылыми жарияланымдарды қолдау және халықаралық ғылыми кеңістікке шығу бағыттарында өзара әріптестік орнату жөнінде келісім жасалды.
Ященко Марина Михайловна өз баяндамасында оқытушыларға Scopus және Web of Science дерекқорларына кіретін халықаралық ғылыми журналдар туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, жоғары рейтингті журналдарда ғылыми мақалаларды жариялау жолдары, журналдарды Scopus базасына енгізу талаптары мен кезеңдері, Хирш индексін арттыру тетіктері түсіндірілді.
Кездесу соңында профессор-оқытушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, ғылыми ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қатысты ұсыныстар айтылды.


