Қызылорда ашық университеті мен Мәскеу политехникалық университетінің бірлесуімен «Экологиялық қауіпсіздік» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті

5 маусым – Эколог күні және Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Федеральдық мемлекеттік автономды жоғары білім беру мекемесі – «Мәскеу политехникалық университеті» және Қызылорда ашық университетінің ұйымдастыруымен «Экологиялық қауіпсіздік» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Шараға Қазақстан, Ресей, Қытай, Моңғолия, Белорусь және басқада шетелдік жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары, жетекшілері мен студенттері онлайн форматта және Қызылорда ашық университетінің профессор-оқытушылары қатысты. Дөңгелек үстелдің мақсаты – экологиялық қауіпсіздік мәселелерін талқылау сондай-ақ халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту болды.

Дөңгелек үстелдің ашылу рәсімін Мәскеу политехникалық университетінің профессоры, «Экологиялық қауіпсіздік техникалық жүйелер» кафедрасының өкілі Марина Владимировна Графкина ашты. Алғысөзді Қызылорда ашық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы ҰҒА академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы жасады. Сондай-ақ «Арал өңірінің экологиялық проблемаларының қазіргі жағдайы және оларды шешу жолдары» тақырыбында мазмұнды баяндама оқыды. Ол Арал теңізінің тартылу себептері, экожүйенің бұзылуы, халық денсаулығына және әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсері жөнінде жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, өңірдегі экологиялық ахуалды жақсартудың негізгі бағыттары ретінде су ресурстарын тиімді басқару, агроэкологиялық технологияларды енгізу және халықаралық ынтымақтастықты күшейту жолдарын атап өтті.

Дөңгелек үстелде Ресейдің 2-сыныпты мемлекеттік кеңесшісі, Ресей–Қытай достық қоғамының мүшесі Александр Лазаревич, сондай-ақ Халықаралық саяси және экономикалық стратегиялар институты РУССТРАТ директорының орынбасары, дипломатиялық академия доценті Алексей Сергеевич Чертков және тағы да басқалары экологиялық қауіпсіздік және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелерін кеңінен қарастырды.

Жиын қорытындысында қатысушылар экологиялық қауіпсіздік мәселелерін шешуде ғылыми зерттеулер мен халықаралық серіктестікті дамытудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Дөңгелек үстел тәжірибе алмасуға, өзекті экологиялық мәселелерді талқылауға және бірлескен шешімдер ұсынуға арналған маңызды ғылыми алаң ретінде жоғары бағаланды.