Қызылорда ашық университетінің кітапхана қоры жаңа әдеби туындымен толықты
Қызылорда ашық университетінің кітапхана қорына Bank CenterCredit тарапынан көрнекті қаламгер Әбіш Кекілбаевтың «Елең-алаң» романының 28 данасы сыйға тартылды.
«Елең-алаң» – қазақ халқының тарихы мен тағдырын терең бейнелейтін, оқырманды өткеннің тағылымын тануға жетелейтін құнды шығарма. «Үркер» романының заңды жалғасы саналатын бұл туынды жастардың тарихи санасын қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, елдік мұрат пен адамзаттық асыл қағидаларды терең түсінуге ықпал етеді.
Қорымызға қосылған бұл кітаптар студенттердің сапалы білім алып қана қоймай, рухани дүниесін байытып, тарихи танымын кеңейтуге қызмет етеді деп сенеміз.
Қызылорда ашық университеті ұжымы білім мен руханиятқа қолдау көрсетіп, кітапхана қорын толықтыруға үлес қосқан Bank CenterCredit ұжымына шынайы ризашылығын білдіреді. Осындай игі бастамалар жастардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттырып, ұлттық әдеби мұраның кеңінен насихатталуына өз үлесін қоса беретініне сенімдіміз.