АБАЙ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

   Абайдың әр сөзі адамды өзіне үңілуге, білім іздеуге, еңбек етуге, жүрек пен ақылды қатар ұстауға шақырады. Ұлы ойшылдың «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, сонда толық боласың елден бөлек» деген өсиеті – уақыт өткен сайын мағынасы тереңдей түсетін өмірлік ұстаным.

   Абай мұрасы – өткеннің өнегесі ғана емес, бүгінгі қоғамның да рухани темірқазығы. «Пайда ойлама, ар ойла, талап қыл артық білуге» деген сөзі әрбір білім алушыға ізденістің, адал еңбектің және ар-ұятты биік қоюдың мәнін ұғындырады. Ұлт ұстазының осындай тағылымды ойлары білім мен ғылымды басты құндылық санайтын әрбір жанның жүрегінен орын алуға тиіс.

  Осы айтулы күні Абайдың асыл мұрасы әр шаңыраққа ой сәулесін, жүрекке жылу, елге бірлік әкелсін деп тілейміз. Ұлы ақынның рухани мұрасы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, білімге ұмтылған әр жасқа бағыт-бағдар болсын. Абай күні құтты болсын! Абай сөзі – ұлттың сөніп көрмеген рухани шамы!