Дүниежүзілік тазалық күніне орай экологиялық акция өтті

  Дүниежүзілік тазалық күніне орай Қызылорда облысында қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жалпыхалықтық экологиялық акция ұйымдастырылды. Ауқымды бастамаға мемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер, жастар ұйымдары және қала тұрғындарымен қатар, Қызылорда ашық университетінің білім алушылары да белсенді қатысты.

  Акция барысында қатысушылар аумақтарды қоқыстан тазартып, абаттандыру жұмыстарына атсалысты және ағаш көшеттерін отырғызды. Университет студенттері де тазалық жұмыстарына белсенді араласып, қаламыздың көркеюі мен көгалдануына өз үлестерін қосты. Бұл – жастардың туған жерге деген жауапкершілігі мен экологиялық мәдениетінің қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

  Дүниежүзілік тазалық күні – қоршаған ортаны аялауға, табиғатқа жанашырлық танытуға және тазалықты ортақ құндылық ретінде қалыптастыруға үндейтін маңызды бастама. Тазалық – әр адамның өзінен басталады. Қызылорда ашық университетінің жастары да туған қаламыздың таза әрі көрікті болуына өз үлестерін қоса бермек!