Ғылымдағы жаңа мүмкіндік — сапалы жарияланымнан басталады

Қызылорда ашық университетінің «Инженерлік технологиялар» кафедрасының ұйымдастыруымен халықаралық ғылыми жарияланымдарға арналған ғылыми-практикалық семинар өтті. «Халықаралық ғылыми жарияланымдардың заманауи стратегиялары: Scopus дерекқорында ғылыми мақаланы дайындау, жариялау және зерттеушінің академиялық профилін дамыту» тақырыбындағы іс-шараны кафедра меңгерушісі, PhD доктор Аленов Қанат Табынұлы ұйымдастырып, модераторлық етті. Семинарға ҚР Ұлттық инженерлік академиясының академигі, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры, химия ғылымдарының кандидаты Аппазов Нұрбол Орынбасарұлы және аталған университеттің «Физика-химиялық талдау әдістері» инженерлік бейіндегі зертханасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор, техника ғылымдарының кандидаты Ақылбеков Нұрғали Икрамұлы сарапшы ретінде қатысып, халықаралық ғылыми жарияланымдар саласындағы тәжірибелерімен бөлісті. Университет ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Бисенов Қылышбай Алдабергенұлы сөз сөйлеп, сапалы ғылыми зерттеу мен халықаралық жарияланымдардың жоғары білім беру ұйымының ғылыми әлеуетін арттырудағы стратегиялық маңызын атап өтті.

Семинар барысында ғылыми нәтижені халықаралық ғылыми кеңістікке тиімді ұсынудың негізгі тетіктері жан-жақты қарастырылды. Қатысушылар Scopus дерекқорының мүмкіндіктерімен танысып, зерттеу бағытына сәйкес ғылыми журналды таңдаудың, журналдың тақырыптық сәйкестігін, CiteScore, SJR, SNIP және квартиль көрсеткіштерін бағалаудың практикалық тәсілдерін меңгерді. Семинардың басты ерекшелігі — теориялық білімнің Scopus платформасындағы практикалық жұмыстармен ұштасуы. Қатысушылар өз ғылыми бағыттарына сәйкес журналдарды іздеп, олардың жарияланым талаптары мен ғылыми көрсеткіштерін нақты мысалдар арқылы талдады.

Кездесу ғылыми нәтижені халықаралық деңгейде танытудың тиімді жолдарын меңгеруге және университеттің ғылыми-зерттеу әлеуетін нығайтуға бағытталды. Семинар барысында айтылған тәжірибелік ұсыныстар жас зерттеушілер мен оқытушылардың ғылыми еңбектерін халықаралық басылым талаптарына сәйкестендіріп, зерттеу нәтижелерінің ғылыми айналымға енуіне жаңа мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді. Қызылорда ашық университетінің «Инженерлік технологиялар» кафедрасы ғылыми-зерттеу мәдениетін дамыту, халықаралық жарияланым сапасын арттыру және отандық ғылымның нәтижелерін әлемдік ғылыми кеңістікке таныту бағытындағы жұмыстарды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастырады. Ғылыми идеяның құндылығы — оның нәтижесімен, ал ғылыми нәтижесінің ауқымы — халықаралық ғылыми кеңістікке сапалы ұсынылуымен өлшенеді.