ҚҰРМЕТТІ ОТАНДАСТАР!
Сіздерді еліміздің ең ұлық мерекелерінің бірі – 25 қазан Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Республика күні – халқымыздың азаттық жолындағы асқақ мұратын айшықтайтын, елдігіміздің еңсесін көтеріп, тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтатын тарихи маңызы зор ұлттық мереке.
1990 жылғы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация – еліміздің тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына жол ашқан тағдыршешті тарихи құжат. Бұл маңызды қадам халқымыздың ғасырлар бойғы еркіндікке деген ұмтылысын жаңа белеске көтеріп, дербес мемлекеттілігіміздің берік негізін қалады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен ұлттық мереке мәртебесі қайта жаңғырған Республика күні бүгінде ел бірлігін бекемдеп, отаншылдық рухты асқақтататын, ұлт болашағына деген сенімді нығайтатын айрықша мерекеге айналды.
Бүгінде Қазақстан жаңа тарихи кезеңге қадам басып, саяси жаңғыру, экономикалық өрлеу және қоғамдық даму жолында маңызды міндеттерді жүзеге асыруда. Әділетті, қуатты әрі өркениетті Қазақстанды қалыптастыру – баршамызға ортақ мақсат. Осы жолда сапалы білім, озық ғылым, жасампаз еңбек пен өскелең ұрпақтың зияткерлік әлеуеті еліміздің жарқын болашағының басты кепілі болмақ.
Егемен еліміздің ең басты байлығы – халқымыздың ынтымағы мен бірлігі, қоғамдағы тұрақтылық пен татулық. Тәуелсіздігімізді баянды етіп, мемлекетіміздің халықаралық беделін арттыру, келер ұрпаққа кемел келешек қалдыру – әрбір азаматтың қасиетті парызы.
Осынау айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шаңырақтарыңызға құт-береке, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін!
Еліміздің егемендігі мәңгілік, тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болсын! Көк байрағымыз биікте желбіреп, Қазақстанымыздың абыройы мен мерейі асқақтай берсін!
Ұлттық мерекеміз – Республика күні құтты болсын!
Құрметпен,
ҚАУ құрылтайшысы Қылышбай БИСЕНОВ