ҚЫЗЫЛОРДА АШЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҒАЛЫМДАРЫ МӘРТЕБЕЛІ МАРАПАТТАРҒА ИЕ БОЛДЫ
Қызылорда ашық университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлері білім және ғылым саласындағы еселі еңбектері жоғары бағаланып, мәртебелі марапаттарға ие болған университет басшылығын салтанатты түрде құттықтады.
Қызылорда ашық университетінің бірінші проректоры, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Бақытхан Жүнайдұлы Әбдікәрімов ел дамуына, білім мен ғылым саласының өркендеуіне қосқан сүбелі үлесі үшін мемлекеттік награда – «Құрмет» орденінің иегері атанды.
Сонымен қатар Қазақстанның білім және ғылым жүйесінің дамуына қосқан айрықша үлесі және жоғары білікті мамандар даярлаудағы ерен еңбегі үшін Қызылорда ашық университетінің бірінші проректоры, PhD докторы Көктем Ақарысұлы Ерімбетов Ахмет Байтұрсынұлы атындағы күміс медальмен марапатталды.
Университет ұжымы қос ғалымның кәсіби жетістіктерін ерекше ықыласпен атап өтіп, олардың ұзақ жылғы қажырлы еңбегі мен ғылым-білім жолындағы табанды ізденістерін өскелең ұрпаққа үлгі болатын өнегелі жол ретінде бағалады. Бұл марапаттар – ғалымдардың жеке жетістігі ғана емес, университеттің ғылыми әлеуеті мен білім беру саласындағы абыройын айшықтайтын маңызды жетістік.
Қызылорда ашық университетінің ұжымы Бақытхан Жүнайдұлы мен Көктем Ақарысұлын жоғары марапаттарымен шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық серпін, ғылыми ізденістеріне толағай табыс және ел игілігі жолындағы жауапты қызметтеріне жаңа жетістіктер тілейді!