Қызылорда ашық университетінде Білім күні аталып өтті
Білім мен өнердің, мәдениет пен парасаттың, жаңашылдық пен дамудың бастауы болған білім ордамыз шәкірттерге құшағын айқара ашып, жаңа 2023-2024 оқу жылына аяқ басты. Сыр өңіріндегі іргелі оқу орнының бірегейі Қызылорда ашық университеті сапалы білім беру, білікті маман даярлау жолындағы өз жұмысын бастады.
Айтулы күнде, барша оқытушылар мен студенттерге арналған мерекелік шара өтті. Алдымен, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің Білім күніне арналға құттықтауы оқылды.
Салтанатты шарада жыл сайынғы дәстүрмен ҚР Конституция күні де ұмыт қалмады. Жиналған қауымды мерекемен құттықтай отырып, мемлекеттік Гимнді бірге орындады.
Мерекелік шарада сөз алған, Қызылорда ашық университеті құрылтайшысының сенімді өкілі, университет ректорының кеңесшісі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Үргенішбеков Айтмағамбет Тұрсынбайұлы университет ректоры Бисенов Қылышбай Алдабергенұлының құттықтау хатын жеткізді. Студенттер үшін ерекше күн екенін, оқуда, ғылымда, мәдени, шығармашылық және қоғамдық қызметте, спортта барлық мүмкіндіктер әлемі ашылатынын атап өтті.
Сонымен қатар, 20 жылдан аса студенттер жатақханасында тәрбиеші болып қызмет атқарған Гүлнар апамызды зейнетке арнайы алғыс хатпен марапаттап, сый-құрмет көрсетіп шығарып салды.
Білім күні қарсаңында әріптестеріміз де марапат төрінен көрінді. Шәкірт тәрбиелеу жолындағы қажырлы еңбегімен нәтижелі жұмыс көрсеткен ұстаздар қауымы университет ректорының арнайы марапатына ие болды. Шара соңы бой сергіту ойындар әлемімен жалғасып, мерекелік көңіл-күй сыйлайтын концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетелік, биыл жоғары білімді мамандар әзірлеуде өңіріміздегі алдыңғы қатарлы білім ордасына ширек ғасыр толып отыр. Бағындырған белестер аз емес. 25 жылды артқа тастап, нағыз жалындар шаққа жетті. Ендеше, бұл жолда сәттілік тілейміз.