Кітапхана меңгерушісі – Сейіл Ақзира апай

Бүгін кітапханашылар үшін айтулы мереке. Абай атамыз «Адам баласы үшін кітап – тілсіз тәрбиеші» деп айтқандай, кітап біздің рухани құндылығымыз, теңдесіз сарқылмас байлығымыз. Ал кітапхана сол құндылықты сақтап, оқырманның талап-тілектерін қанағаттындырып, әлемдік, ұлттық, әмбебап ақпарат көздерін оқырманға жеткізуші.
Осы қазынамызды көзінің қарашығындай сақтап, насихаттап жүрген мамандық иесі – ол кітапханашылар.
Қызылорда ашық университетінің оқытушылары мен білім алушыларына әлемдік мәдениет пен ғылым құндылықтарын, адамзаттың даналығы мен біліміне кең қолжетімділікті қамтамасыз етіп отырған кітапхана меңгерушісі - Сейіл Ақзира Орынбасарқызы.
Ақзира Сейіл алдымен балабақша саласында және бастауыш білім беру саласында қызмет атқарып, кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде кітапханашы, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған.
20 жылдан аса кітапхана саласында жүрген Ақзира Орынбасарқызы кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында семинар-курстарға қатысып, кітапхана саласында сапалы қызмет атқарып келеді.
Атқарған қызметі еленіп, арнайы алғыс хаттар мен құрмет грамоталарымен және Қорқыт Ата алтын медалімен марапатталған.
Ойлы оқырманды күнделікті кітаппен қамтамасыз етіп жүрген Ақзира Орынбасарқызын төл мерекесімен құттықтаймыз!