Қызылорда Ашық университеті мен өңірлік жоғары оқу орындар арасындағы әріптестік байланыс одан әрі жаңғыра түспек.

<Бұл жөнінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтына іс-сапармен барған “Қызылорда Ашық университеті” КеАҚ ректоры, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясының академигі Кылышбай Бисенов мәлімдеді.

“Бүгін Қызылорда Ашық университетінің әлеуметтік серіктестік кеңістігін кеңейту және өңірлік жоғары оқу орындарымен өзара байланысты нығайту мақсатында атбасын көне Әулиеата жеріне, тарихы терең Таразға бұрдық. Сапарымыздың кіріспесін өзім сыйлас болған, ақылшы аға болған, Ұлтымыздың абызкеуде ақсақалы болған Қазақ халқының даңқты перзенті, кемеңгер жазушысы Шерхан Мұртазаның ескерткішіне гүл қоюдан, Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының базасында орналасқан Шерхантану орталығының жұмысымен танысудан бастадық. Онан соң, институттың ректоратымен, жетекші ғалымдарымен бірге оқу орынының даму перспиктивасын талқылап, ой бөлістік, идея алмастық.

Жекеменшік оқу орындарын білім беру үдерістеріне сәйкес дамытудың озық үлгісін көрсетіп келе жатқан институттың материалдық-техникалық базасы жаңа заман талаптарына толық сәйкес келетіндігімен ерекшеленеді.

Алдағы уақытта институтпен әріптестік байланыс жанданып, өзара тәжірибе алмасу жұмыстары нығаятын болады”, — деп жазды ол әлеуметтік желідегі жеке парақшасында.