«Сапалы білім – сапалы адами капитал»

   

 

2024 жылдың 14 ақпанында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Сапалы білім – сапалы адами капитал» тақырыбында ҚР Оқу-ағарту  министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрлігінің бірлескен  алқасының кеңейтілген отырысы өтті. Басты тақырып қазіргі заманғы жоғары білімнің сапасы мен қолжетімділігі болды.

Іс-шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова,  Парламент Мәжілісінің депутаты Асхат Аймағамбетов, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, , сондай-ақ жоғары оқу орындарының ректорлары, Министрліктің ҒЗИ және ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшылары, мектеп мекемелерінің директорлары қатысты.

Саясат Нұрбек өз баяндамасында 2023 жылы атқарылған жұмыстарға  тоқталып, алға қойған негізгі міндеттер мен бағыттарды ұсынды. Министр өз баяндамасында бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы өткен жылы 20% – ға, магистратура мен докторантура – 15% – ға өскенін, сондай-ақ биыл да ұлғаю жоспарланғанын атап өтті.

Сонымен қатар, Қазақстан ғылымы мен ғалымдарын дәріптеу бойынша жүйелі жұмыстардың жүріп жатқанын. Ғылыми қоғамдастықты ынталандыру үшін ғалымдардың орташа жалақысы 2 есеге артқанын. Іргелі зерттеулермен айналысатын ҒЗИ-ді тікелей қаржыландырылатынын жеткізді.

 «Министрлік жоғары білімге қолжетімділікті сақтап, сапаны арттырудың жаңа тетіктерін енгізуі қажет. Халықтың демографиялық өсуі білім беру бюджетінің шығындарын бірнеше есе арттырады. Біз білім беруді қаржыландырудың жаңа моделіне көшуді бастаймыз. Ағымдағы жылы «Келешек» бірыңғай ерікті жинақтау жүйесі іске қосылады, ол ата-аналар мен мемлекеттің балалардың болашағы үшін ортақ жауапкершілігін енгізеді.  Бұл жинақтар «Ұлттық қор – балаларға» жобасы шеңберінде қалыптастырылған қаражатпен бірге жастарға сапалы білім алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда заң жобасы Мәжілісте қаралуда. Айта кету керек, гранттар саны азаймайды, керісінше биыл 5000 – ға артып – 93000 грантты құрайды», - деп атап өтті С.Нұрбек.

Инженерлік және техникалық кадрларды даярлау жүйесі қайта қаралады, күшейтіледі: инженерлік білім берудің жаңа моделі жасалады, білім беру бағдарламалары қайта қаралып, оның шеңберінде студенттер екінші және үшінші курстардан ұлттық біліктілік шеңберінің 4 және 5 деңгейлері бойынша біліктілік сертификатын ала алады.

Шетелдік серіктес ЖОО-ларды тарта отырып, жасанды интеллект саласында кадрлар даярлау Қазақстанның барлық жоғары оқу орындарына таратылатын болады.

 «Бүгінде ғылым мен бизнестің тығыз интеграциясы, мемлекет, ғылым және жеке капитал арасындағы өзара іс-қимылдың тиімді моделін құру қажет. Бұл ғылымның үдемелі дамуының негізгі шарттарының бірі. Бұған халықаралық озық тәжірибе дәлел бола алады. Бүгінгі таңда ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының алдына негізгі міндеттер қойып отыр. Ғалымдар мен ЖОО-лардың профессор – оқытушылар құрамының атынан біз Мемлекет басшысы мен Үкімет қойған міндеттерді шешуге бар күшімізді салатынымызға сендіргім келеді», - деп түйіндеді министр.

Барлық спикерлерді тыңдап, Тамара Дүйсенова министрліктер мен оларға ведомстволық бағынысты ұйымдардың алдына білім беру және ғылыми қызмет саласын жетілдіру бойынша нақты мақсаттар қойды. Премьер-Министрдің орынбасары ел экономикасының өсу драйвері ретінде сапалы адами капиталды қалыптастыру мен дамытудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету екі ведомствоның басты міндеті екенін атап өтті