Есту қабілеті бұзылған балаларды инклюзивті оқытудың мазмұндық және әдістемелік негіздері

Қызылорда ашық университетінің «Педагогика» кафедрасының оқытушысы Жармаханова Арайлым Дастанқызы 2023-2024 жылдың екінші академиялық кезеңінде Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінде академиялық ұтқырлық бағдарламасымен «Инклюзивті білім беру» пәнінен «Бастауыш білім беру педагогикасы мен әдістемесі» және «Педагогика және психология» білім беру бағдарламалары бойынша 3 курс білім алушыларына дәріс оқуда.
Тақырыбы: Есту қабілеті бұзылған балаларды инклюзивті оқытудың мазмұндық және әдістемелік негіздері.
Дәріс мазмұны: 1. Есту қабілеті бұзылған балалардың ерекшеліктері.
2.Есту қабілеті бұзылған балалардың психологиялық-педагогикалық сипаттамасы.
Дәрістің мақсаты: Есту қабілеті бұзылған балалардың психологиялық-педагогикалық сипаттамасымен таныстыру. Білім алушыларды білім берудегі инклюзивті процестерді ұйымдастыру мен басқарудың негізгі ережелерімен таныстыру; ерекше қажеттілігі бар балаларды жалпы білім беру процесіне қосуды модельдеу сызбаларын бөліп көрсету және жалпы және арнайы білім
берудің маңызды әлеуметтік-мәдени феномені ретінде интеграцияланған оқыту туралы түсінік беру болып табылады.
Инклюзивті оқыту – ерекше мұқтаждықтары бар балалардың жалпы білім беретін мектептердегі оқыту үрдісін сипаттауда қолданылады. Демек, инклюзивті оқыту негізінде балалардың қандай да бір дискриминациясын жоққа шығару, барлық адамдарға деген теңдік қатынасты қамтамасыз ету, сонымен бірге оқытудың ерекше қажеттілігі бар балаларға арнайы жағдай қалыптастыру идеологиясы жатыр. Осы бағыт балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру жағдайын қалыптастырады.
Сурдопедагогика (латын сөзі «surdus»-саңырау) арнаулы педагогиканың бір бөлігі, бұл естуі бұзылған тұлғаларды зерттейді. Ерекше қажеттілігі бар балалардың көпшілігі есту түрлерінің ауытқушылығының салдарынан айналадағы ортада ерекшеленіп байқалады. Есту – дыбыстық құбылыстар формасының қабылдаудағы шынайы анық, дәл түрдегі бейнеленуі. Дыбыстарды ажырату тірі организмге тән қабілеттілік болып табылады. Бұл қабілеттілік - есту мүшесінің немесе есту талдағышының қатысуымен таратылады. Есту талдағышының қалыпты дәрежеде қызмет етуі баланың жалпы дамуына үлкен әсерін тигізеді. Есту жағдайының қалыпты болуы балалардың сөйлеуі мен психологиялық жағынан қалыптасуында шешуші орын алады. Есту талдағышының бұзылуы ең алдымен көп мөлшерде баланың сөйлеуіне әсер етеді, оның танымдық қызметіне жалпы дәрежеде мүкістік келтіреді. Құлақ-дыбыс тербелісін күшейтеді және оны қайта өндейді. Дыбыстар негізінен үш қасиетпен сипатталады: Олар күші, биіктігі және тембірі.
Дәріс барысында қоғам талабына сай инновациялық технологиялар -ойындар технологиясы, тренингтік технологиясы, ақпараттық технология, сұхбаттық технологиялар пайдаланылды.
Инновациялық технологияның түрі ойындар технологиясы негізінде wordwall.net қосымшасы арқылы білім алушыларға тапсырма берілді. Білім алушылар тапсырма орындау кезеңінде қызығушылық пен белсенділік таныта отырып, берілген тапсырманы жоғары деңгейде орындады.

 


Сондай ақ, инновациялық технологиялардың бірі - тренингтік технология негізінде есту қабілеті бұзылған балаларды инклюзивті оқытуда қолданылатын «Мимика-жест» әдісі білім алушылар топқа бөліну арқылы орындалды. «Мимика-жест» әдісі – адамдардың эмоциялық көңіл-күйін түсінуге қалыптастыру. Әдіс барысында білім алушыларға мимика және жест арқылы әртүрлі эмоционалды жағдайлар ұсынылды (мұң, қуаныш, қорқыныш және т.б).
Инклюзивті білім беруді ғылыми негіздеу, психологиялық-педагогикалық қолдау үлгілері, құқықтық қамтамасыз ету, ерекше қажеттіліктері бар балаларды адамзат қоғамдастығына енгізу бүкіл білім беру жүйесінің басты міндеті болып табылады. Білім беру интеграциясы әлеуметтік интеграцияның бөлігі бола отырып, денсаулығы қалыпты балалармен бірге ерекше қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеу және оқыту процесі ретінде қарастырылады.
Ерекше қажеттіліктері бар балаларды жалпы білім беру ұйымдарына интеграциялау – әлемнің кез келген елінде білім беру жүйесінің дамуының заңды кезеңі, барлық жоғары дамыған елдер, соның ішінде Қазақстан да қатысатын процесс.