Арал қаласында Қызылорда ашық университетінің өкілдігі ашылады

Арал қаласында Қызылорда ашық университетінің өкілдігі ашылады
Қызылорда ашық университетінде Арал қаласында қашықтықтан оқыту орталығын ашу жөніндегі үш жақты келсімге отыру салтанаты өтті. Жиынға Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев, Қызылорда облысының білім басқармасының басшысы Асқарбек Есжанов, Қызылорда Ашық Университеті ректорының міндетін атқарушы Абайбек Жүнісов қатысты. Кездесу барысында өңірге қажетті мамандар даярлауда оқу орнының жұмысы мен жетістіктері баяндалды.
«Қызылорда ашық университеті 25 жыл тарих бедерінде алған асулары мен бағындырған белестері қоғамда лайықты орынға ие болған. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлау бағытында университетте көптеген жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі қолға алған бастама Арал өңірінің жастары үшін үлкен мүмкіндік деп білеміз. Біздің мақсатымыз – аймақта ашық және қашықтықтан білім беру мүмкіндіктерін дамыту»,-деді Қызылорда Ашық университеті ректорының міндетін атқарушы Абайбек Талғатұлы.
Салтанатты жиында Арал ауданының әкімі Аманжол Оңғарбаев университет өкілдігінің аудан жастары үшін маңыздылығы мен қолжетімділігіне тоқталды. Сонымен қатар, мектеп бітіруші түлектер мен ата-аналар үшін сапалы білім алуға ашылған үлкен мүмкіндік екенін айтты.
Айта кетейік, биыл Қызылорда ашық университеті Азия Ашық университеттер қауымдастығына қауымдастырылған мүшесі болып қабылданды. Қауымдастықтың 23 толық мүшесі, 18 қауымдастырылған мүшесі бар. Қызылорда ашық университеті бұл қауымдастықтағы алғашқы және жалғыз қазақстандық жоғары оқу орны.