ШЕТЕЛДІК БАҚ: Шекарасыз әлем
Қызылорда ашық университеті делегациясының Беларусь еліндегі іссапары туралы «Настаўнік» газетінің №6 санында мақала жарияланды. Басылым Максим Танка атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетінде 1972 жылдан бері шығып келеді. Газеттің басты бетінде «Шекарасыз әлем» тақырыбында жарияланған материалда екі оқу орны арасындағы ынтымақтастық байланыс баяндалған.
«Биыл университет үшін жемісті жыл болды. Соның бір дәлелі – Беларусь мемлекеттік педагогикалық университетіндегі тәжірибе алмасу іссапарымыз. 20 сәуірде менің басшылығыммен ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, техника ғылымдарының кандидаты Нұржамал Сайлаубекова, 1-курс студенттері Мұрат Жүсіпов, Рысдәулет Оралбай делегациясы Беларусь елінде болды. Кездесу барысында екіжақты келіссөздер жүргізіп, бірлескен ауқымды жобаларды қолға алдық», – деді академиялық мәселелер жөніндегі басқарма басшысы Айсұлу Мұхамбетжан.
Айта кетейік, делегация сапарын ұйымдастыруда Беларусь мемлекеттік университеті жанынан құрылған Біліктілікті арттыру және қайта даярлау институтының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Ирина Шеститконың ықпалы зор. Алдағы уақытта екі университеттің әріптестік байланысы нығайып, жоғары деңгейге жетеді деп сенеміз.