Q&A/сұрақ-жауап: Томирис Төребай
Q&A/сұрақ-жауап: Томирис Төребай
Білім алушылардың жетістіктері мен шығармашылығын насихаттау мақсатында жаңа «Q&A/сұрақ-жауап» айдары ашылды. Кезекті кейіпкеріміз – Томирис Төребай.
Томирис Қанатқызы – «Құқықтану» білім беру бағдарламасының 2-курс студенті. Қызылорда облыстық «ТОП -20 студент» жобасының Бас жүлде иегері.
Q: Томирис сені белсенді студент ретінде танимыз. Сұқбатымызды өзіңмен танысудан бастасақ.
A: Мен Томирис Қанатқызы 2005 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келдім. Бүгінде Қызылорда ашық университетінің 2-курс студентімін.
Q: Белсенділігіңнің арқасында көптеген байқаулардың жеңімпазы екенсің. Сол туралы толығырақ айтып өтсең?
A: Әрдайым ізденісте, қозғалыста болудың арқасында студенттік кезеңде түрлі іс-шараларға қатысып, жүлделі орын алдым. Атап айтатын болсақ, 2022-2023 оқу жылында Қызылорда ашық университетінің Жастар ісі жөніндегі комитетінің төрағасы ретінде жұмыс жасадым. Ең бір ауыз толтырып айтатын жетістігім - Қызылорда облыстық «ТОП 20 студент» жобасының Бас жүлде иегері атануым. Оған қоса, облыстық «Jas fest» өнер байқауында Бас жүлде, қалалық оқу орындары арасында ұйымдастырылған «Алтын күз» өнер байқауында I-орын, «Гендерлік зорлық-зомбылық» тақырыбындағы кейс-чемпионатының II-орын иелендім. Сондай-ақ, университеттік «Театрлық қойылым» байқауында «Үздік ұйымдастырушы» номинациясымен және Бас жүлдемен марапатталдым. Биылғы оқу жылын «Жыл үздігі - 2024» номинациясымен қорытындыладым.
Q: Сен үшін студенттік өмір қандай болуы керек?
A: Студент болу – білімге құштар болу, қиындықтан қорықпау және өмірді сол қалпында сүю. Өз уақытын дұрыс пайдаланып, тәжірибе жинау. Университетте біліммен қатар, әлеуметтік және мәдени іс-шараларға белсенді қатысу көптеген мүмкіндіктерге жол ашады.
Q: Замандастарыңа қандай кеңес бересің?
A: Студенттік кезде өз қабілеттеріңізді сынап көріңіз. Мүмкін Сіз өзіңіз туралы өміріңізді өзгертетін жаңа нәрсені біле аласыз.
Жарайсың, армандарың орындала берсін! Тек сәттілік тілеймін.