АЛМАТЫ: Ғылым ордасында ғалымдар жиналды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдармен кездесті. Жиында Президент ғылым мен білім саласын дамыту керек екенін айтты. Ғылым саласына көрсетілетін мемлекеттік қолдау мен ғалымдардың міндеті туралы баяндады.
«Біз көшке ілесетін емес, көшті бастайтын елдердің қатарында болуымыз керек. Бір сөзбен, ғылыми әлеуетімізді арттыру қажет. Жалпы, осы бағытта біраз шаруа атқарылып жатыр. Мен Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында бірқатар нақты тапсырма бердім. Барлық мәселе менің тікелей бақылауымда», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Министрлік жас ғалымдарға мыңдаған грант бөліп жатыр. Жыл сайын 500 ғалым шетелде тағылымдамадан өтеді. Өзге де қолдау шаралары жыл санап артып келеді. Кездесуде Мемлекет басшысы білікті ғалымдарға пәтер сертификатын табыстады. Жалпы биылдың өзінде 200 ғалым пәтермен қамтылмақ. Сонымен қатар, қазіргі таңда Ғылым туралы заң жобасы Парламентте қаралуда.
Айта кетейік, басқосуға Қызылорда ашық университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректордың м.а., техника ғылымдарының кандидаты Нұржамал Сайлаубекова қатысты.