Кітапхана жаңа туындымен толықты
Қызылорда ашық университетінің кітапхана қоры жаңа кітаптармен толықты. Бағалы сыйлықты Халықаралық туризм және меймандостық университетінің профессоры Жандос Есіркепов тапсырды.
«Ғалым Жандос Мергенбайұлы кітапханамызға авторлық үш кітабын сыйға тартты. Атап айтсақ, «Дене тәрбиесінің теориясы және әдістемесі», «Дене шынықтыру», Оқу орындарында спорт секцияларын ұйымдастыру негіздері» және «Әбдісалан Нұрмаханов: спортшы, ғалым, бапкер» кітаптары. Өз еңбегінде дене тәрбиесі мен спорттың ғылыми бағыттарына теориялық негіздеме берген. Әбдісалан Нұрмаханов туралы тың деректерді жинақтап, Қазақстан боксының тарихынан мәлімет жинақтаған. Оқулықтар колледж, университет студенттері мен оқытушыларға құнды ақпарат беретініне сенімдімін. Университет кітапханасының есігі оқырмандарға әрдайым ашық»,- деді кітапхана меңгерушісі Ақзира Сейіл.
Қызылорда ашық университетінің кітапханасында әдебиеттер саны 214525 дананы құрайды. Кітапхана қоры жалпы білім беру, гуманитарлық, әлеуметтік-экономикалық, арнайы, жалпы кәсіптік пәндер бойынша оқулықтар, оқу- әдістемелік және ғылыми әдебиеттер, көркем әдеби шығармалар, анықтамалықтар және энциклопедиялармен қамтылған.