Q&A/сұрақ-жауап: ЖАНЕЛЬ НҰРЛАНҚЫЗЫ

 «Q&A/сұрақ-жауап» айдарының кезекті кейіпкері –  Жанель Нұрланқызы.

Жанель Нұрланқызы  –  «Дизайн» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті. 2006 жылы 16 қарашада дүниеге келген. Қызылорда облысы, Жалағаш ауданының тумасы.

Q: Жанель оқу жылын сәтті аяқтауыңмен. Оқу жылы несімен есте қалды? Қандай жетістіктерге жеттің?

A: Оқу жылы әртүрлі іс-шараларға белсенді қатысумен, қызықты сәттермен есте қалды. Соның бірі – 1-мамырда өткен бір күндік лагерь. Мен алғаш рет ерікті ретінде Жанақорған қаласына бардым. Жаңа орта тауып, дүниетанымым кеңейтіп қайтты.

       Биылғы жетістіктерім:  «Ағылшын тілі» пәні бойынша WOB оқушылар мен студенттерге арналған республикалық олимпиадада 2-орын, Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хаты. Сонымен қатар, жаңа жыл мерекесіне арналған іс-шараларға белсенді қатысып, Алғыс хатпен марапатталдым.

Q:  Қызылорда ашық университеті несімен ұнайды?

A:  Маған сапалы білімі мен білікті оқытушылары ұнайды.

Q:  Қазіргі таңда «Дизайн» саласында білім алудасың. Болашақта осы салаға қандай жаңалық енгізу арманың?

A: Менің таңдап түскен мамандығым болған соң, оқуды аяқтағаннен кейін дизайн саласында жұмыс жасағым келеді. Авторлық жаңа стиль мен жаңа логотип ойлап тапқым келеді. Қазірден ізденіс үстіндемін. Және сол арқылы еліміздің сән әлемін дамытуға үлес қосқым келеді.

Q:  Сән әлемі дедің ғой. Сен үшін Қазақстандық ТОП-3 дизайнер кімдер?

A: Аида Кауменова, ⁠Ая Бапани және ⁠Салтанат Баймұхамедова.

Q:  Алға қойған ең үлкен мақсатың? Бес жылдан кейін өзіңді қалай елестетесің?

A: Мақсатым көп. Соның ең маңыздысы – танымал дизайнер болу. Бес жылдан кейін өзімді сүйікті мамандығымның иесі ретінде көремін.

Q:  Студенттерде бос уақыт болады ма? Уақытыңды қалай тиімді өткізесің?

A: Бос уақыт аса көп болмайды. Оқудан, іс-шарадан тыс уақытты ізденіс жұмыстарына немесе үйде әртүрлі тәттілер пісіруге арнаймын.

Q:  Жастардың бойында қандай қасиет болу керек?

A: «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» дегендей ең бірінші – өзінің ана тілін білу. Өйткені көп жастар өз елінде тұра өзінің ана тілін білмейді. Екінші, кез келген жұмысқа бейімделгіш болу. Сонымен қатар, салауатты өмір салтын ұстану керек деп ойлаймын.

Q:  Замандастарыңа қандай кеңес бересің?

A: Әрдайым жаңашылдыққа ұмтылып, ізденісте болу. Себебі, қазір ХХІ-ғасыр – білімділердің заманы.

Жарайсың, армандарың орындала берсін! Тек сәттілік тілеймін.