Ғалым Дархан Байниязов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды
Сыр еліне белгілі ғалым, ұстаз Дархан Байниязов 60 жасқа толды. Қызылорда ашық университетінде мерейлі мерейтойға арналған жиын өтті. Басқосуда ғалымға облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Құрмет грамотасы табысталды. Бұдан бөлек, Дархан Тасқараұлына А.Байтұрсынов атындағы күміс медаль, университет ректоры Қылышбай Бисеновтың құттықтауы табысталды. Оқу орнының басшысы ғалымның еңбегіне жоғары баға беріп, асқаралы алпыс жасымен құттықтады.
«Қазіргі таңда Дархан Тасқараұлы Қызылорда ашық университетінің жалпы мәселелер жөніндегі проректоры. Ұлағатты ұстаз 25 жылдан бері білім саласында еңбек етіп, мыңдаған білім алушының білікті маман ретінде қалыптасуына үлес қосып келеді. Ғалым – 30-дан астам ғылыми еңбектің авторы. Университет ұжымы терең білімі мен ізденімпаздығын, өз ісіне деген үлкен жауапкершілігін, еңбексүйгіштігін әрқашан жоғары бағалайды», - деді Абайбек Жүнісов.
Дархан Байниязов – білім саласындағы еңбек жолын 1999 жылы іргелі жоғары оқу орнында Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Электротехника және автоматика» кафедрасында ұстаздық қызметтен бастады. Қажырлы еңбегінің нәтижесінде 2010 жылы «Ақаба суларды мұнай өнімдерінен тазартуға арналған озонды қондырғыны жасау» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады.
Ғалым институт ректоры, оку ісі жөніндегі проректор-бірінші проректор қызметтерін абыроймен атқарып, бүгінгі таңда қайта құрылған оқу орнының жалпы мәселелер жөніндегі проректоры лауазымында еңбек етуде.