Q&A/сұрақ-жауап: МАҒЖАН МЕЙРАМБЕКҰЛЫ

Мағжан Мейрамбекұлы  –  «Электр энергетика» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті. 2006 жылы 13 мамырда дүниеге келген. Отбасында төрт ағайынды.

Q: Мағжан, сұқбат беруге келіскеніңе рақмет. Оқырмандар үшін шынайы әрі қызықты сұқбат болады деп сенемін. Алғашқы сауалым – Қызылорда ашық университетін таңдаудағы басты себеп?

A: Саламатсыздар ма?! Студенттерімізді насихаттайтын жаңа айдардың ғұмыры ұзақ болсын! Қызылорда ашық университетін таңдаудағы басты себебім – оқу ақысының қолжетімдігі. ҰБТ-дан аз балл жинап қалдым, бірақ ата-анам оқығанымды қалады. Әрбір ата-ананың арманы ғой. Біраз оқу орындарын салыстырып көрдік. Нәтижесінде, таңдауымыз осы оқу орнына түсті. Бұл менің ең дұрыс шешімім болды. Қазір оқумен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсенді қатысып, өзіме жаңа орта таптым.

Q:  Өз мамандығың ұнай ма? Оқуды бітіргеннен кейін қайда жұмыс жасағың келеді?

A:  Әрине, өз мамандығым ұнайды. Оқу бітіргеннен кейін осы салада қызмет ететін боламын.

Q:  Бір күніңді қалай жоспарлайсың?

A: Студент болғаннан кейін күніміздің жарты бөлігі университетте, іс-шараларға дайындықпен өтеді. Барынша тиімді өткізуге, бәрін уақытылы жасауға тырысамын. Жалпы менде қатып қалған жоспар жоқ.

Q:  Өмірлік ұстанымың?

A: Адамның өмірлік ұстанымы отбасындағы тәрбиеден қалыптасады деп ойлаймын. Мені ата-анам ешкімді алдамауға, адал болуға үйретті. Сол қағида бойынша екі сөйлемеуге және өтірік айтқан адамға қайта сенбеуге тырысамын.

Q:  Адамдардың бойында қандай қасиеттерді бағалайсың?

A:  Қазір қарап отырсақ негатив жаңалықтар көп. Қоғамдық орындарда да байқайсың, адамдар ашулы, қатал болып бара жатқанын. Сондықтан адамдардың мейірімділік қасиетін жоғары бағалаймын. Бейтаныс адамға сәл жымиып қарасаңыз ол адамның да күлгенін көресің. Барынша ашық-жарқын жүруге тырысамын. Сен жақсы болсаң – айналаң да жақсы, мейірімді.

Q:  Замандастарыңа қандай кеңес бересің?

A:  «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» дейді ғой. Нағыз азамат шынайы болу керек. Өйткені елдің ертеңі де, отбасының тірегі де – ер жігіт. Тұғырлы елдің тұтқасын ұстайтын, шаңырақтың шырағын жағатын азаматтарымыз көп болсын деймін.

Жарайсың, тек сәттілік тілеймін! Жолың ашық болсын!