АРАЛДАҒЫ УНИВЕРСИТЕТ ӨКІЛДІГІНДЕ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛДЫ

Арал қаласында Қызылорда ашық университетінің өкілдігі талапкерлерді қабылдау жұмысын бастады. Кездесуге Арал ауданы әкімінің орынбасары Кете – Төлеби Бержанов, университеттің бірінші проректоры Абайбек Жүнісов, академиялық мәселелер жөніндегі проректор, комиссия хатшысы Айгүл Әлібекова, оқу процесін тіркеуші офисінің меңгерушісі Ақмарал Омарова және ата-аналар мен талапкерлер қатысты.
«Мамыр айында Қызылорда ашық университетінің өкілдігін ашу туралы үш жақты келісім жасалған еді. Бүгін міне, өкілдігіміздің алғашқы талапкерлерін қабылдау жиынына куә болып отырмыз. Біздің мақсатымыз – аймақта ашық және қашықтықтан білім беру мүмкіндіктерін дамыту. Университет өкілдігі – аудан жастары үшін сапалы әрі қолжетімді білім алуға жасалған үлкен жұмыстың нәтижесі»,-деді Абайбек Талғатұлы.
Қызылода ашық университетінің қабылдау комиссиясы 20 маусымнан бастап жұмысын бастады. Енді Арал ауданы мен жақын орналасқан елдімекендердегі талапкерлер университет өкілдігіне өтінім бере алады. Комиссия мүшелері талапкерлерге онлайн және офлайн форматта сапалы әрі жедел қызмет көрсетеді. Оқу орнында 23 білім беру бағдарламалары бойынша маман даярланады. Биыл оның 20 БББ-на мемлекеттік тапсырыс бойынша грант бөлінеді.
Айта кетейік, Қызылорда ашық университеті Сыр еліндегі ең қолжетімді деңгейдегі оқу ақысын ұсынады. Университетте талапкерлердің әлеуметтік жағдайына қарай 10,15,20,30 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Ал ҰБТ-дан 100 балл жинаған және ата-ана қамқорлығынсыз қалған талапкерлерге «Ректор гранты» тағайындалады. Айта кетейік, биыл әскери борышын өтеп келген он талапкерге тегін білім гранты беріледі. Сонымен қатар, әскери борышын өтеген азаматтардың оқу ақысына 20 пайыз жеңілдік ұсынылады.