БІТІРУШІ ТҮЛЕКТЕРГЕ ДИПЛОМ ТАБЫСТАЛДЫ
Қызылорда ашық университетінің түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Биыл университетті 300-ге жуық студент тәмәмдады.
Салтанатты шарада оқу орнының ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Қылышбай Бисенов түлектерді құттықтап, ақ жол тіледі.
«Қызылорда ашық университеті тағы бір жас буынды еңбек нарығына қосты. Біздің мыңдаған түлектеріміз кәсіби біліктіліктерінің нәтижесінде еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосуда. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш. Бүгін маңызды оқиғаның куәгері болып отырмыз. Осындағы әрбір студенттің артында ата-ананың зор еңбегі бар. Бізге сеніп, бізді таңдағандарыңызға алғыс білдіреміз»,-деді Қылышбай Алдабергенұлы.
Биылғы оқу жылы Қызылорда ашық университеті үшін жемісті жыл болды. Сыртқы және ішкі ынтымақтастық көкжиегі кеңейіп, белгілі жоғары оқу орындарымен әріптестік байланыс орнатты. Атап айтсақ, Польша елінің WSG University Быдгощи, Беларусь Республикасының Евфросиния Полоцкая атындағы Полоцкий мемлекеттік университеті және Болгарияның Тракия университетімен өзара ынтымақтастыққа қол қойды. Бұдан бөлек, мамыр айында Арал қаласында университеттің өкілдігі ашылды.
Шара барысында қоғамдық жұмыста белсенді, республикалық байқаулардың жеңімпаздары мен спорт, өнер саласында жүлдегер атанған, ерікті жастар арнайы Алғыс хатпен мапаратталды.
«Бүгін мен үшін ерекше күн. Төрт жыл алған білімімізді енді тәжірибе жүзінде іске асырып, алғашқы еңбек жолымызды бастамақпыз. Осы ретте жоғары білікті мамандарды дайындауда зор үлес қосқан оқу орнының профессор-оқытушы құрамына ризашылығымды білдіремін», - деді Бейнелеу өнері және сызу білім беру бағдарламасының бітіруші түлегі Амандосов Айдар.
Қызылорда ашық университетінде түлектердің жұмысқа орналасу деңгейі 90 пайыздан асады. Бүгінде еңбек нарығына қажетті 23 білім беру бағдарламалары бойынша маман даярланады. Биыл оның 20 БББ-на мемлекеттік тапсырыс бойынша білім гранттары орналастырылды.
Айта кетейік, Қызылорда ашық университеті Сыр еліндегі ең қолжетімді деңгейдегі оқу ақысын ұсынады. Университетте талапкерлердің әлеуметтік жағдайына қарай 10,15,20,30 пайыздық жеңілдіктер қарастырылған. Ал ҰБТ-дан 100 балл жинаған және ата-ана қамқорлығынсыз қалған талапкерлерге «Ректор гранты» тағайындалады. Айта кетейік, биыл әскери борышын өтеп келген он талапкерге тегін білім гранты беріледі. Сонымен қатар, әскери борышын өтеген азаматтардың оқу ақысына 20 пайыз жеңілдік ұсынылады.
Салтанатты жиынға университет басшылығы, профессор-оқытушылар, ата-аналар мен қонақтар қатысты. Диплом табыстау рәсімі университет өнерпаздарының қатысумен концерттік бағдарламаға жалғасты.
Өңіріміздегі іргелі оқу орнында жоғары біліммен сусындап, ізденіс пен талпыныстың арқасында үлкен өмірге жолдама алған түлектерімізге сәт сапар тілейміз. Қызылорда ашық университеті өз түлектерін мақтан етеді!