ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ: ҚЫЗЫЛОРДА АШЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ СТУДЕНТІ ИНДОНЕЗИЯДА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСАДЫ
Қызылорда ашық университетінің 2-курс студенті Ксения Хан Индонезиядағы Тербука университеті ұйымдастырған халықаралық жазғы лагердің офлайн форматтағы оқу бағдарламасына жолдама алды.
Халықаралық лагердің І кезеңіне 50 студент іріктеуден сәтті өтіп, 15-28 шілде аралығында онлайн форматтағы оқу бағдарламасына қатысты. Осы аралықта белсенділігімен көзге түскен 10 студент 2-15 қыркүйек аралығында Джаркарта мен Балиде өтетін лагердің екінші кезеңіне жолдама алды.
Бұл бірегей бағдарлама бүкіл әлемнен келген студенттер арасында мәдениетаралық түсіністік пен жаһандық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған. Сонымен қатар, онлайн және офлайн форматта академиялық курстар мен мәдени іс-шаралардың жиынтығын ұсынады. Қатысушылар халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы негізінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік алмақ.
Халықаралық лагерьге әлемнің жетекші университеттерінің студенттері іріктелінген. Атап айтсақ, Орталық Лузон штатының университеті, Ханой ашық университеті, Филиппин политехникалық университеті, Шри-Ланка ашық университеті, Малайзия ашық университеті, Шанхай ашық университеті және Қызылорда ашық университеті. Үздіктер қатарында Қызылорда ашық университетінің көрінуі – халықаралық байланыстың нығайып, білім саласын дамытуда атқарылып жатқан үздіксіз жұмыстардың нәтижесі.
Қызылорда ашық университеті – халықаралық жазғы лагерге шақырту алған қазақстандық бірегей университет. Оқу орны Азиядағы ашық университеттер қауымдастығының мүшесі. Айта кетейік, оқу орны отандық, шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз қарым-қатынаста. Қазіргі таңда Шанхай ашық университеті мен Қызылорда ашық университеті арасында ынтымақтастық көкжиегін кеңейту мақсатында келіссөздер жүргізілуде.