10 тамыз - Абай күні

10 тамыз - Абай күні

⚜ Бүгін елімізде аталып өтіп жатқан 10 тамыз – Абай күнімен баршаңызды құттықтаймыз!

⚜ Қазақтың ұлы ақыны, терең ойшылы Абайдың даналығы мен тағылымы, ұлағаты мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, жоғары оқу орнында да, одан әрісі өмір бойына өзімізбен бірге жүретін сарқылмас асыл қазынамыз. Біз Абай шығармаларымен өстік. Рухани байлығымыздың мызғымас мұрасындай өнегелі өлеңдерін, мағынасы терең қара сөздерін жаттап, даналықтың қайнар бұлағынан таусылмас нәр алып отыратын біз үшін ұлы Абай шығармалары үлкен құндылық. Ұлы ақынның қай жырын, қай сөзін алсақ та уақыт тезінен тосылмай өтіп, тот баспас алтындай жарқырап, ұрпақ игілігіне, ұлт байлығына айналып, қазақпен бірге келеді, қазақпен бірге жүреді.

⚜ «... Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар, қалан!», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», тағы басқа көптеген ұлағатты сөздерінің өзі бүгінгі жоғары білімді мамандар даярлап, жастарға тәлім-тәрбие беріп отырған білім ордаларының да алдына ұстар, мақсат тұтар айнымас бағыт-бағдары. Ұстаздар қауымы, білім алушылар Абайды үнемі оқимыз, оқи береміз, үлгі аламыз, насихаттаймыз.

⚜ Ұлы ақынның құрметіне Абай күні аталып өтуі ойшыл ақынға деген ықыласымызды еселей түседі. Осы дәстүрдің өмірімізде мығым бекіп, игілігімізге айналуының тәрбиелік, рухани маңызы өте зор. Сондықтан 10 тамыз –Абай күні аталып өтуі қазақ халқының мерейін тасытар мағыналы күнге айналуы зор ғанибет!