БҮГІНГІ ЖАС – КЕЛЕШЕК БІЛІКТІ МАМАН
Қызылорда ашық университеті мен Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінде 30 тамыз – ҚР Конституциясы және 1 қыркүйек – Білім күніне арналған «Бүгінгі жас – келешек білікті маман» атты салтанатты жиын өтті.
Мерекелік басқосуда Қызылорда ашық университеті ректорының міндетін атқарушы, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Абайбек Жүнісов жаңа оқу жылының басталуымен құттықтады.
«Биыл Қызылорда ашық университеті Ашық университеттердің Азиялық қауымдастығы мүшелігіне қабылданып, әлемдік озық жоғары оқу орындарымен әріптестік байланысын нығайтты. Ал Қызылорда жоғары көпсалалы колледжі 20 жылдан аса уақыттан бері еңбек нарығының сұранысына сай әлеуетті кадр даярлап келеді. Біздің профессор-оқытушы құрамы жастардың жан-жақты дамуы мен тың бастамаларына қолдау білдіріп, армандары мен алға қойған мақсаттарына қол жеткізуге себепші болуда»,- деді Абайбек Талғатұлы.
Мерекелік шарада бірқатар белсенді студенттер марапат төрінен көрінді. Білім алушылардың концерттік бағдарламасы ұсынылып, оқу орнының жетістіктері баяндалды.
«Жастар саясатын жетілдіру, дамыту, сапалы білім алуына мүмкіншілік жасау – мемлекетіміздің басты бағыты. Себебі, жастар қоғамның бір бөлігі ретінде мемлекетте маңызды рөл атқарады. Биылғы оқу жылына бөлінген грант санының өсуіде жастарға деген қамқорлықтың шынайы көрсеткіші»,-деді Қызылорда жоғары көпсалалы колледжінің директоры, PhD докторы Көктем Ерімбетов.
Салтанатты жиынға профессор-оқытушылар, білім алушылар мен ата-аналар, қонақтар қатысты. Жаңа оқу жылының алғашқы күнінде 1-курс студенттеріне оқу орнының ережелері мен талаптары таныстырылды. Жаңа оқу жылы толағай табыстар мен жетістерге толы болсын!